ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облысындағы филиал қызметкерлері 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында жергілікті маңыздағы трассаларда 39 рет бақылау өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz уәкілетті мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәтижесінде 570-тен астам сынамалар алынып, зертханалық жолмен талданды. Солардың 10%-ы техникалық норматив талаптарына сәйкес келмей шықты. Сондай-ақ 10-нан астам әртүрлі ақау анықталды.
Айталық, Маңғыстау ауданында жүргізілген бақылау шараларының қорытындысы мүлдем көңіл көншітпейді.
— Қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан «Шетпе-Қызан» тас жолының 49-85 шақырымында (Тасмұрын-Мәстек учаскесі) асфальт жабындының қалыпты формасы бұзылған жерлер анықталды. Ойылып кеткен және жиегі бұзылған жол бөлігі жиі кездесті. Тіптен, үстіңгі қабаты жарылып, үгітіле бастағандары да бар. Бұл аумақта мердігер мекеме - «Altynzhol group» жұмыс жасауда. Аталған серіктестікке барлық кемшіліктер көрсетіліп, қызметтік хат жолданды, - деді сарапшылар.