Ақтау қаласында өткен жиында Нұр-Сұлтан қаласының мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жергілікті басқарудағы өзекті мәселелерді айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылауға арналған кеңеске келген Ерлан Каналимов, жергілікті мемлекеттік басқару ісіндегі кейбір келеңсіздіктерді атап, оларды шешу жолдарын көрсетті.
- Мысалы, құрылыс саласын алайық. Мемлекет тарапынан бір мектепті салу үшін, құжатнамасынан бастап есептегенде 5 жылдай уақыт кетеді. Ал, үй салғанда, үйдің 1 шаршы метрі 650-680 мыңнан келіп тұр. Енді осы құрылыстарды мемлекет емес, кәсіпкерлер салып, мемлекет солардан дайын күйінде сатып алса ыңғайлы емес пе?! Сонда үйдің 1 шаршы метрі 400-450 мыңнан келіп, арзанға шығып тұр. Бұған қоса, мемқызметкерлерге де жеңіл. Себебі, қазір құрылыс басқармасында 15 адам жұмыс істейді. Қаншама құрылыс жүріп жатыр, оның жобасын жасау керек, қағаздарын реттеу керек, құрылысын қадағалау керек, т.б. көптеген жұмыстары бар. Оған олар кейде үлгермейді де. Сондықтан біз мемлекеттік құрылысты салу ережесіне өзгеріс ұсындық. Ол биыл қыркүйектен бастап күшіне енеді. Сонда кәсіпкерден дайын құрылысты сатып ала аламыз және қажет болса өзіміз де салатын құқығымыз болады, - деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.