Бүгін, 19 шілдеде Ақтау қаласында ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылауға арналған жиын болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеңеске облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, әкімнің орынбасарлары, өңірдегі қоғамдық кеңестің мүшелері, мәслихат депутаттары қатысты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан, Шымкент қалаларының және өзге де облыстардың мәслихат хатшылары арнайы келді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, маңызды шешімдер қабылданар кезде оған тек билігі бар адамдар емес, қарапайым көпшілік те ықпал ете алатындай болу керектігін, азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін айтқан болтын. Бүгін осы азаматтық қоғамды қалыптастыруға тағы бір қадам жасап, заң жобасын талқылағалы отырмыз. Бұл заң халыққа, халық сайлаған мәслихат депутаттарына жаңа құзіреттер, мүмкіндіктер береді және атқарушы биліктің жұмысын бағалауға, бақылауға да жағдай жасайды. Біз одан қашпаймыз. «Қара қазан қайнаса – бәріміздің пайдамыз» деген өте мағыналы мақал бар халқымызда. Сол айтқандай, мақсат - біріміз бен біріміз бақ таластыру емес, елге пайдалырақ жұмыс істеуге ұйысу, мемлекетімізді нығайту. Біздер оған қашан да дайынбыз, - деді аймақ басшысы.
Жиында әр облыстың мәслихат хатшылары баяндама жасап, қоғамдық кеңес мүшелері, тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп ойларын ортаға салды. Мәслихат хатшылары мемлекеттік қызметті оңтайландыратын, мәслихаттың пәрменін арттыратын 100-ден ұсыныс дайындағанын айтты. Олардың ішінде, министрліктердің облыстық басшыларын мәслихаттың мақұлдауымен тағайындау; әкімдердің жылдық жоспарының орындалуын қадағалау, орындалмаған жағдайда шара қолдану; мәслихат жолдаған сауалдарға берілген жауапқа орынбасарлар емес, міндетті түрде әкімнің өзі қол қоюы сынды ұсыныстар бар. Ол ұсыныстар жиын соңында хаттамаға тіркеліп, әрі қарай республикалық мемлекеттік органдарға жіберіледі.