Ел Президенті Батыс аймақтың электр желілерін ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру үдерісін жеделдету міндетін жүктеді. Жобаны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаровтың мәліметіне сілтеме жасай отырып.
«Маңызы зор жоба батыс өңірлердің тұтынушыларын сенімді электр қуатымен қамтамасыз етуге сеп болмақ. Мәселен электр стансаларында төтенше апат орын алған жағдайда аталған жүйе тізбегіндегі өзге электр желісіне қосылуға мүмкіндік алады», - дейді Нұрлан Орынбасаров.
Оның айтуынша Маңғыстау облысындағы ауылдық елді мекендер 100 пайыз электр желісімен қамтылған.
«Маңғыстаудың баламалы қуат көздерін өндіруде әлеуеті мол. Ақшұқыр ауылындағы қуаты 5 МБт жел электр станциясы, сонымен қатар Жетібай ауылындағы қуаты 10 және 5 МБт жел және Батыр ауылындағы қуаты 2 МБт күн электр стансасы жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта өзге де жобаларды іске асыру көзделген», - деді Нұрлан Орынбасаров.
«Өңір халқын электр қуатымен қамтып отырған бірден-бір мекеме - «МАЭК- Қазатомөнеркәсіп»-тің электр жеілері мен құрал-жабдықтарының 80 пайызға жуығы ескірген. Тозығы жеткен жабдықтар істен шығар болса, өздеріңізге белгілі электр қуатының тапшылығы орын алады. Сондықтан өндірістік кешенді жаңарту және қызметкерлердің жалақасын көтеру мақсатында өндіру қуатының тарифін көтеріп отыр. Бірақ түпкілікті тұтынушыға баратын өнімнің тарифтік бағасы табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментімен зерделеніп, бекітіледі», - деп атап өтті Нұрлан Орынбасаров.