Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың кезектен тыс XXII съезінде берген тапсырмасына сәйкес «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясынан Ажар Байбакишева «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында Маңғыстау облысының ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқытты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдерінің екінші бөлімі де дәріс алып, біліктіліктерін жетілдірді. Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау аудандарының атқарушы хатшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдері үш күндік семинар кезінде жан-жақты ақпарат алып, тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ ауыл әкімдерін оқыту кезінде партия хатшысы Э.Жұмағазиев ZOOM арқылы тікелей байланысқа шығып, ауыл әкімдерінің ұсыныстарын тыңдады.
Үш күндік семинарда бизнес-жоба жасақтау, ауыл экономикасын дамыту, маркетингтік талдау жүргізу сынды бағыттар бойынша ақпарат алып, өздерінің ойларын ортаға салды.
Аталған шара соңында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев ауыл әкімдеріне сертификаттар табыстап, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бірлесе жұмыс жасап, мәселенің шешілуі жолында жұмыла әрекет етуге шақырды.