Ақтауда бокстан қыздар арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетті. Жарыста Маңғыстаудың спортшы қыздары екі алтын, екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық дода Ақтау қаласындағы «Халық арена» спорт кешенінде 2004-2005 ж.т. жастар (қыздар) және 2006-2007 ж.т. жасөспірімдер (қыздар) арасында өтті. Жарысқа еліміздің 16 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан барлығы 183 спортшы қатысты. Спортшы қыздар жастар арасында 13 салмақ дәрежесінде, жасөспірімдер арасында 14 салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын.
Ел біріншілігінен Маңғыстаудың спортшы қыздары екі алтын, екі қола жүлде еншіледі. Атап айтқанда 63 келі салмақта Асем Таңатар(2005ж) мен 63 келі салмақта Аяулым Есбосынова(2006ж) ҚР чемпионы атанды. Сондай-ақ қола жүлдені 70 келі салмақта Ақжүніс Жақсылық(2004ж) пен 70 келі салмақта Айгерім Егдер (2006ж) алды.
Айта кетсек, Маңғыстау өңірінде қыздар арасындағы ел чемпионаты алғаш рет өтті. Чемпионат шілде айының 12-17 аралығында өтті.