Маңғыстаулық спортшылар кекушинкай каратэ-доның IKKF түрінен өткен әлем чемпионатынан 12 алтын, 3 күміспен оралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Жарыс шілденің 15-16 күні Түркияның Стамбұл қаласында болды. Оған 17 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Қазақстанның атынан ел намысын қорғауға 45 спортшы аттанған. Оның 17-сі — Маңғыстау құрама командасының спортшылары.
Өңіріміздің спортшылары жалпы есепте 15 медальді қанжығалап қайтты. Каратэшілеріміз бүгін Стамбұл — Ақтау ұшағымен таңғы сағат 05:05-те келді. Оларды әуежайдан каратэ-до кекушинкай федерациясының мүшелері, туыстары мен жаттықтырушылары плакттармен, гүлдермен қарсы алды.
- Чемпионат өте тартысты өтті. Жарыста бізге үлкен бәсекелестік тудырған Иран, Түркия мен Ирактан келген спортшылар болды. Олардың дайындықтары және техникалары өте жақсы деңгейде екен. Бірақ соған қарамастан біздің спортшыларымыз тәжірибе мен жеңіске деген ұмтылысының арқасында алға шықты. Бұл — күнделікті дайындығымыздың нәтижесі. Келесі аптадан бастап, қыркүйек айында Жаңаөзен қаласында өтетін каратэ-до кекушинкадан Азия чемпионатына дайындыққа кірісеміз. Мен спортшыларымызға үлкен үміт артамын. Ол жарыста да тек биіктен көрініп, топ жарамыз деп сенемін, - деді кекушинкай каратэ-до халықаралық ұйымының мүшесі Мұхтар Жолдасов.
Өңіріміздің спортшылары бес түрлі категория бойынша бақ сынады. Атап айтқанда:
Ерлер арасында
⁃ Берекет Нұрбаев — І орын;
⁃ Азамат Жұлдызбай — І орын;
⁃ ҚоштанТекебаев — І орын;
⁃ Сүйінбай Әжен — ІІ орын.
Әйелдер арасында
⁃ Мадина Болатова — І орын.
Юниорлар арасында
⁃ Аманқан Қыдыржан — І орын;
⁃ Айтмұрат Бисенов — ІІ орын.
Жасөспірімдер арасында
⁃ Бекарыс Болатов — І орын;
⁃ Бибарыс Қалниязов — І орын;
⁃ Нұрсұлтан Смағұл — І орын.
Кіші жасөспірімдер арасында
⁃ Ерсұлтан Самғұл — І орын;
⁃ Қабыл Адайбек — І орын;
⁃ Оразғали Ақжан — І орын;
⁃ Жансая Саржан — І орын;
⁃ Айбар Әділ — ІІ орын иеленді.