Елімізге секер бұрын Ресей мен Белоруссия елдерінен тасымалданатын еді. Аталған елдердегі экспорттық шектеу шараларының нәтижесінде және оған қоса жыл сайын шілде-тамыз айлары аралығындағы қайнатпа маусымында сұраныс 30-35 пайызға артуына байланысты секер тапшылығы байқалуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басқармасының басшысы Жанна Тоқбаеваның мәліметіне сілтеме жасай отырып.
«Жалпы облыстағы тұрақтандыру қорында 496 тонна секер бар. Оның 250 тоннасы – тұрақтандыру қорында, 246 тоннасы – сауда желілерінде сақталған. Қазіргі таңда осындай тапшылық пен алыпсатарлықты болдырмау мақсатында әр тұтынушыға 2 келіден артық мөлшерде сатуға шектеу қойылды. Облыс бойынша «Анвар», «Дина», «Алтын фуд», «Лидер» мен «Дана секілді 5 сауда желісінде тұрақтандыру қорынан жеткізілген секер келісі 440-450 теңгеден сатылымда. Бұдан бөлек "Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан" мың тонна секер алу туралы келісімшарт жасақталды. Тамыз-қыркүйек айларында өңірге жеткізіледі деп жоспарланған. Ал 300 тоннадан астам секер жолда, жуырда жеткізіледі. Егер сатып алушы секер бағасының шамадан тыс өсуіне жол беру фактісін байқаса біздің колл-орталыққа хабарласып, телеграм–арнамызға жолдаса болады. Егер біздің мониторингтік топ тексеру барысында секердің шектен тыс үстемеақымен саудаланғанын байқаса, міндетті түрде тексеріс жүргізіледі»,-деп атап өтті ол.
«Қаладағы ірі сауда желілерінде секер үшін дүрбелең орын алғандығы рас. Шектеу шараларына байланысты бір адамға екі келіден артық берілмейді. Кейбір адамдар тәртіпке бағынбай, нәтижесінде келеңсіздіктер туындауда. Қазіргі таңда ірі супермаркеттерде мұндай жағдайларды болдырмау үшін мониторингтік топ мүшелері кезекшілікпен қадағалауда»,-деді Жанна Тоқбаева.