Бейнеу ауылында алғаш рет зейнет жасындағы қарияларға арналған орталық ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен аптада ашылған орталықтың мақсаты қарттарымыздың бос уақытын тиімді пайдалану үшін оларға әр түрлі сауықтыру шараларын ұсыну. Орталықтың жұмысын «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» қоғамдық бірлестігі жүргізеді. Орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ашылып отыр.
Ашылу салтанатында аудан өнерпаздары ән айтып, күй тартып, қарттарымызға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қариялар ұйымдастырушыларға алғысын айтып, батасын берді.
- Зейнеткерлер клубында аптаның дүйсенбі мен жұма күндері аралығында күнделікті (4 сағаттан аспайтын) таңертеңгі спорттық гимнастикадан бастап тегін ән, би, шахмат, домино, тоқыма тоқу үйірмелері, компъютерлік сауаттылық және психологиялық консультациялар беріледі. Қарттарымыздың сұранысына қарай басқа да шараларды өткізуге мүмкіндік бар. Барлық зейнеткерімізді аталған орталыққа келіп тегін қызмет алуға шақырамыз, - деді Бейнеу аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанағат Назарханов.