Осыдан алты жыл бұрын Түркияға көз тіккен әлем бұл елдің бірлігі мен ынтымағын көрген еді. Содан бері Түркия Республикасы 15 шілдені демократия және ұлттық бірлік күні ретінде атап өтіп келеді.
Өтен жұма күні осыған орай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығында арнайы шара өтті. Ақтау қаласында тұратын Түркия азаматтары, басқа елдердің Маңғыстау облысындағы консулдықтарының өкілдері қатысқан басқосуды Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығының атташесі Йылдырым Бюкер кіріспе сөзбен ашып, лаңкестік әрекет барысында көз жұмған шейіттерді еске алу үшін 1 минут үнсіздік жариялады.
-100 жылдық демократиямызды қырғынға ұшыратпақ болып, екі мыңнан астам азаматымызды жарақаттаған опасыз ФЕТО-ның 2016 жылғы 15 шілдедегі төңкерісі әрекетінен 251 азамат қаза тапты,-деді ол.-Осы алты жылдан бері мемлекетіміздің басымдықтарының бірі ФЕТОға қарсы күрес жүргізу болып келеді. Ел ішінде кінәлілер жауапқа тартылды және ФЕТОның мемлекеттік мекемелердегі ұйымдары жойылды. Сондай-ақ 45 бауырлас және дос елдерде жұмыс істеп тұрған білім беру мекемелері жартылай немесе толық жабылды. 20 елдегі білім беру мекемелері түркиялық «Маариф» қорына өтті. Ал «Маариф» қоры әлемнің 32 елінде жаңа мектептер ашып алды.
Шара барысында Маңғыстау облыстық орталық мешітінің найб имамы Ғабит Әбдіғапарұлы лаңкестік әрекет кезінде құрбан болған шейіттердің рухына бағыштап, Құран оқыды.
Еске алу кешіне жиналғандар Түркия жұрты үшін азалы болған күнге орай дайындалған бейнебаянды көріп, өз пікірлерімен бөлісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА