«МаңғыстауМұнайГаз» компаниясына сервистік қызмет көрсететін компания жұмысшылары өз құқығымызды қорғауға басшылық кедергі келтіріп жатыр деп шағымданады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«МобилСервисГрупп» серіктестігінің жұмысшылары қызмет бабында әртүрлі еңбек дауына тап болған соң кәсіподаққа мүше болуды шешкен. Сөздерінше, қанша жыл осы компанияда жұмыс істесе де бір айлық есептің түбіртегін алып көрмеген. Серіктестіктің 260-тай жұмысшысы мамырда «Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласы компаниялары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына» кіруге өтініш берген. Алайда «осы уақытқа дейін өз еңбегіміздің 1 пайыз ақшасын өз құқығымызды қорғау үшін төлеуге басшымыз кедергі жасап отыр» дейді жұмысшылар.
- Мамырдың 18-інен бастап кәсіподаққа кірдік. Содан бері кәсіподаққа айлығымыздың 1 пайыз жарнасын аудармай отыр. Себепсізден себепсіз кез келген жігітті жұмыстан шығара береді... Біздің құқығымызды қорғайтын кәсіподақ жоқ. Сол себепті тәуелсіз кәсіподаққа кіруге құқылымыз, - дейді жұмысшы Нұрлан Боранбаев.
- Кәсіподаққа мүше болғаннан кейін жұмысшылар өздерінің қызмет бабындағы мәселелерін көтергісі келеді. БІрақ 1 пайыздық жарнасы аударылған жоқ. Заң бойынша Қазақстанның кез келген азаматы кәсіподаққа мүше болуға, болмауға, кіруге, шығуға өз құқығы бар. Оны өзі таңдай алады, - дейді кәсіподақ өкілі Бегеніш Жұмабаев.
Жұмысшы азаматтар компания басшысы неліктен кәсіподақ жарнасын төлемегенін түсіндірмейді деп отыр. Түсіндірмек түгіл, өз қызметкерлерімен сөйлесуге шықпайды деп наразы. Тіпті, серіктестік ғимаратына әрең кіретіндерін жеткізді.
- Серіктестік уәкілетті органдарға кәсіподақ басшысы А. Б. Бекбосыновқа қатысты қылмыстық істің расталуы немесе болмауы туралы хат жолдады. Компания 1 пайыздық жарнаны аударудан бас тартпайды және уәкілетті органдардан жауап алғаннан кейін «Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласы компаниялары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағымен» ынтымақтастыққа дайын. Алайда, қазіргі уақытта Бекбосыновқа қатысты тергеу жүріп жатқаны туралы ауызша жауап алынды, - делінген «Мобил Сервис Групп» ЖШС хабарламасында.
Осылайша, серіктестік басшысы қызметкерлеріне еңбек жағдайын жасауға барынша тырысатынын және кәсіподақтарға кіруіне кедергі келтірмейтінін айтып отыр. Сонымен қатар компания қызметкерлерінің кәсіподағын ашуға ниет білдірген қызметкерлердің бастамашыл тобы бар дейді. Серіктестік қызметкерлері құрған бұл кәсіподақ компания қызметкерлері мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылы бойынша жұмыс жүргізе бастағанын жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы