«AMANAT» партиясының фракция мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Берекетов Бердығали, Гулнара Тасболатова Құланды ауылына арнайы барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ауыл әкімі Санат Төкенов ауылдағы жасалып жатқан жұмыстар легімен таныстырып, қала іргесіндегі ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетті.
Қарақия ауданына қарасты ауылда 2000-нан астам тұрғын бар. Сумен толықтай қамтылған.
Ауыл әкімінің айтуынша, 620 орындық мектебі, мезгіліне 20 адамға қызмет көрсететін амбулаториясы және спорт кешені жұмыс жасайды. Ауылда бокс және кикбокс сынды спорт түрлерінен әлемдік деңгейлерде жарысқа қатысып, жүлделі оралған спорт шеберлері көп.
Ауыл әкімі партия өкілдеріне 50-ге жуық үйге интернет желісін тарту және қоғамдық көлік мәселесін шешуде қолдау болса деген аманатын жеткізді.
Әкім биыл ауылдың құрылғанына 40 жыл толатынын, алда өткізгелі отырған торқалы тойдың дайындығы туралы баяндады. Бір қуанарлығы ауылға көшіп келуге ниеттілер көп екен.
Жобаның келесі аялдамасы: Маңғыстау ауданына қарасты Отпан ауылдық округі