Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің операциялық жоспарына сәйкес Республика көлемінде, соның ішінде Маңғыстау облысы бойынша 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2022» жедел- профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысына тосқауыл қою мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда.
«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ПД Кинологиялық қызмет орталығының иттері көмегімен Маңғыстау облысы «Казпочта» АҚ басқармасына келген-кеткен почталардан есірткі тасымалын анықтау мақсатында, ұяшықтарды тінту жұмыстары жүргізу арқылы профилактикалық шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының, сондай-ақ, тыйым салынған заттардың заңсыз айналымын анықтау, оның жолдарын кесу, сонымен қатар онымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау.
Тексеру барысында ешқандай құқық бұзушылық анықталған жоқ. Мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады. Осыған орай, Маңғыстау облысы Полиция Департаменті азаматтарды бей-жай қалмауға және нашақорлыққа қарсы күресте белсенді көмектесуге, қоғамдық дертпен бірге күресуге шақырады.