Ақтау қаласындағы жаңа шағынаудандарды электр қуатымен қамту үшін жаңа жоба іске асырылуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жобаға сәйкес, жыл соңына қарай кабельдік желі мен «ХАБ-1» және «ХАБ-2» қосалқы станцияларын пайдалануға беру жоспарланған. Қосалқы станция ғимараттарының жалпы ауданы-1514,5 шаршы метр.
-«Каспий энергетикалық хабы» сыртқы инфрақұрылымын салу жобасы аясында кернеулігі 110 кв электр беретін желі және 2 қосалқы станция(110/10 кв қосалқы станция) салуда. Кабель желісінің жалпы ұзындығы 4760 метрді құрайтын болады, - дейді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің мамандары.
«ХАБ-1» және «ХАБ-2» қосалқы станциясы он үш жаңа шағынауданды, атап айтқанда 18, 18а, 19, 20, 20а, 19а, 36-42 шағынауданын электр энергиясымен қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, электр желілерінің қуаттылығын арттыру үшін қосалқы станцияларды қосу қарастырылған.
Айта кетейік, келесі жылы «ХАБ-1» қосалқы желісінен жаңа шағынаудандарға кабель желілері қосылады.