Ақтау теңіз сауда порты ЕҚЫҰ-ның «EcoPorts Pers» сертификатын иеленген Қазақстандағы алғашқы порт болды деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сертификаттау ЕҚЫҰ-ның порттар мен порт терминалдарындағы экологиялық менеджменттің халықаралық танылған стандарты – «EcoPorts» жобасы шеңберінде жүргізілген.
Іс-шараға ЕҚЫҰ-ның еуропалық өкілдері мен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров қатысты.
Ақтау портының жаңа эко-статусы еуропалық порттармен өзара байланысты кеңейтуге және Каспий маңы аймағындағы экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.
-Бұл сертификат халықаралық және еуропалық деңгейде жұмыс істеуге әлеуетіміз жететіндігін дәлелдейді."Ақтау" теңіз сауда порты экологиялық, халықаралық қызмет көрсету стандарттарына толығымен сай. Бұның өзі порттың тұтынушы алдындағы қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін айқындай түседі,-деді "Ақтау халықаралық теңіз сауда порт" АҚ төрағасы Абай Түрікпенбаев.
Халықаралық эко-сертификаттың басты мақсаты - қоршаған ортаға тигізетін кері әсердің деңгейін төмендету.
-Ендігі кезекте біздің порт сертификатталған порттардың жаһандық желісінің бір мүшесіне айналды. Соңғы жылдары біз Еуропада қауіпсіз серіктестікті ұйымдастыру бойынша жобаны жасақтауға күш жұмсадық. 2019 жылдан бері серттфикаттауға даярлық барысында өндірістік үдерістердің нәтижесін саралау, экологиялық аспектілерді тағы бір мәрте ескеру, орын алуы мүмкін экологиялық тәуекелдерді басқару бойынша іс-шараларды жасақтау секілді ауқымды жұмыстар жасалды. Біз порт қызметінің экологияға ықпалын толық түсінеміз және тұрақты даму жүйесін ендіру бағытында жұмысымызды жалғаймыз, сондай-ақ барлық тараптардың қызығушылығын ескеруге тырысамыз,-деді А.Түрікпенбаев.
Сондай-ақ басқосуда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Орынбасаров сөз сөйледі.
-Маңғыстау - аса ірі өндіріс ошағы ғана емес, портты аймақ. Облыс аумағында 4 ірі порт орналасқан: Солтүстік терминал, Ақтау теңіз сауда порты, Құрық пен Баутино сауда ауданы. Ел аумағындағы мұнай көлемінің 2/3-сі біздің облыста өндіріледі. Ал мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау ісі дүние жүзі бойынша маңызды факторлардың бірі болмақ. Портты жаңа мәртебесімен құттықтаймын,-деп атап өтті Б.Орынбасаров.