Ақтауда I топтағы зағип жандар қысқа мерзімді массаж курсын оқып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған қысқа мерзімді курс мемлекеттік бағдарлама аясында орындалып жатыр. Ұйымдастырушы Құралай Байғалиеваның айтуынша, аталған курсты үш жыл бұрын ойластырған. Мұндай шешімді ол зағип жандардан массаж алғаннан кейін қабылдаған. Құралай Байғалиеваның ендігі мақсаты - арнайы массаж орталығын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыспен қамту.
"Курсты Қытайдан арнайы шақырдық. Маман үш жыл бойы зағип жандармен жұмыс істеп, массаж жасауды үйренген. Қазір менің оқушыларым бір жарым ай бойы білім алып, практикалық тұрғыда өзін жетілдіріп жатыр. Бұл оларүа ұнады, бәрі жаңа істі үйренуге құштар. Осы курсты жүзеге асыруға мүмкіндік берген қала әкімдігіне және жұмыспен қамту орталығының мамандарына алғыс айтасын", - деді ұйымдастырушы Құралай Байғалиева.
Аталған курс үшін арнайы инватакси бөлінген. Сол арқылы күн сайын сабаққа қатысуға жағдай жасайды.
"Массаж үйреніп жатырмыз. Ұйымдастырушаларға алғысым шексіз. Инватакси арқылы күнделікті курсқа, кейін үйге жеткізеді. Алдағы уақытта Құралай Байғалиева жұмыспен қамтитынын айтты. Көп рақмет!" - деді І топтағы зағип жан Берік Серікұлы.
Массажшы-тәлімгер Әсия Болаттың айтуынша, алдымен оқушылар жалпы массаж бойынша оқып жатыр.
"Массаждағы мәдениет, келушімен сәлемдесіп, оған тиімді жағдай жасау сынды ақпараттармен танысты. Әдептіліктен кейін жалпы массаждың түрлері, спа-массажды үйреніп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сезу мүшесі, энергиясы, түйсігі жақсы дамыған. Алдағы уақытта тәжірибе мен білім арқылы жаңа деңгейге жетіп, жақсы жаңалықтарды ашады деген ойдамын", - деді Әсия Болат.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН