Ақтау қаласының 31-шағынауданындағы брусчатка төселген жолдың ойылған жерлерін мердігер мекеме қалпына келтіреді. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына тұрғынның жолдаған сауалына жауап берген Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Желі қолданушысы 31-шағынаудандағы брусчатка төселген жолдың қопарылып жатқанына бір жыл болғанын айтқан болатын. Тұрғынның сауалына жауап берген Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері аталған мәселенің мән-жайын түсіндірді. Жауаптылардың айтуынша, аталған жол бөлігі 2021 жылы «Шығыс-2» шағынауданына су және кәріз желісін тарқан кезде қазылған. Құрылыс мекемесінің аталған жерді жөндеу үшін екі жыл кепілдік мерзімі бар екен. Осыған орай, орын алған кемшіліктерді қалпына келтіруге мердігер мекемеге тапсырма берілді, - дейді жауаптылар.
Айта кетейік, бүгінге дейін телеграм каналға 8 351 сұрақ келіп түсіп, 8 340 сұраққа жауап берілді. Каналға 10 322 адам тіркелген.