Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров Түпқараған ауданында “Балықшылар күні” мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бекбол Орынбасаровтың жұмыс сапары Форт-Шевченко қаласы мен оған іргелес елді мекендерде орналасқан бірқатар нысандардың жұмысымен танысудан басталды. Алдымен облыс
Аташ елді мекенінінде бой көтерген «Балықшылар» демалыс орнында «Каспий Алтын балық» балық қабылдау және өңдеу инвестициялық жобасы таныстырылды. Жылына 700 тонна өнім шығарады деп жоспарланған кәсіпорында бірінші кезеңде 25 адам жұмысқа қабылданып, кейін 50-ге дейін көбейту жоспарланып отыр.
Бұдан соң Бекбол Орынбасаров «Аташ Фиш Пром» ЖШС балық өнімдерін өңдеу цехына барып, 15 адамды жұмыспен қамтып отырған цехтың балық өнімін сату бөлімімен, балық өнімдерін өндіру цехының жұмыс барысымен, цехтың ІІ бөлігі балық өнімдерінен дайындалатын ұн цехының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын директоры Амалбек Тулеумағанбетовтың айтуынша, цехтың қуаттылығы 292,8 тоннаны құрайды. Оның дайын өнімі – 144 тонна, өңделген өнім – 96 тонна, балық ұны – 52,8 тонна.
Осыдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары балықшылар күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Мерекелік шара дүниеден өткен балық шаруашығылының ардагерлерін
бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімінен басталды. Шарада сөз алған Бекбол Орынбасаров жиналғандарды өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтап, тіршілігін теңізбен тығыз байланыстырған аудан халқы үшін бұл мерекенің маңызы зор екенін атап өтті.
- Бүгінде балық шаруашылығының өңіріміздің экономикалық дамуына қосатын үлес-салмағы аса көлемді болмағанмен, өзіндік ерекшелігі мен қатар, зор потенциалы бар үлкен салалардың бірі деп білеміз. Түбектің бұған дейінгі балық шаруашылығы тарих қойнауына кетсе, қазіргі кезде бұл саланы дамыту бағытында облыс әкімдігінің дербес басқармасы құрылып, өз жұмысын жаңадан бастады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітіліп, балық өсіру шаруашылығын субсидиялаудың бірнеше түрі бойынша мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға қарай жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылығын кеңейтіп, өсірілген балықтың көлемін 100 000 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Өңірде бекіре тұқымдас балық шаруашылығымен айналысатын «Казах Осетр» ғылыми өндірістік кәсіпорны және «Каспиан Ривьера» ЖШС-де бүгінде 40-қа жуық мамандар тұрақты қызмет етіп, жылына 14 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіріп келеді.
Қазіргі таңда теңіз жағалауы бойынша 6 балық шаруашылық ауданы 33 кәсіпшілік балық аулау учаскесіне бөлінген. Оның ішінде 26 учаскесі 18 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілді, 7 учаске резервте. Соңғы бір жылдың ішінде 9357.0 тонна квота бөлініп, оның 4879.2 тоннасы игерілді. Бұл Маңғыстау облысындағы балық өнеркәсібінің даму үрдісін көрсетеді деп есептейміз, - деді Бекбол Орынбасаров.
Сонымен қатар, жиында еңбегімен еленген бірқатар азаматтар «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағымен, «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталса, тағы бір топ сала мамандарына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Құрмет» грамотасы, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасының Алғыс хаты мен Маңғыстау облысы әкімінің Алғысы табысталды. Мерекелік кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.