Ақтауда ҰБТ-2022 қорытындысы бойынша 7 түлек жоғары балл жинады. Үш түлек 130 балл жинаса, төрт талапкер 125-тен астам балл жинады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласы бойынша ең жоғары 130 баллды IT-лицейінің түлегі Дарина Таимова, №28 орта мектептен Ақерке Орынбасарова және №14 орта мектеп түлегі Көбейсін Пілтан жинады. Ал төрт түлек 125-тен жоғары балл жинады. Олар Альбина Асылбек - 126 балл, ал Ғалым Лерик, Абзал Әлішер, Азат Әбдірашитұлы 125 балл жинаған.
Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Ізбергенов балаларды мектепті табысты аяқтауымен құттықтап, үздік түлектерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.
-Түлектерді мектепті сәтті аяқтаумен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер барлық білімдеріңізді салып, ҰБТ сынағынан сүрінбей өттіңіздер. Алдағы уақытта үлкен өмір жолында сіздерге тек бақыт тілеймін. Біз сіздерге сенеміз және мақтан тұтамыз, - деді Ербол Ізбергенов.
ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсеткен түлектер құрдастарын құттықтады.
-Мен 130 балл жинадым. Ол үшін ең алдымен ұстаздарыма алғыс айтамын. Жоғары балл жинау үшін аянбай, оқып дайындалу қажет. Сонымен қатар, гаджеттерге қатты көңіл аудармауға кеңес беремін. Адамның ең жақын досы кітап, деді жоғары балл жинаған түлектің бірі Азат Әбдірашитұлы.
Еске сала кетейік, биыл Маңғыстауда тестілеу 16 мамыр мен 4 шілде аралығында өтті. Ақтау қаласында 1919 оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға ниет білдіріп, оның 1607-сы ҰБТ-ға қатысты.