Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазір аймақтағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Жыл басынан бері 11 557 жұмыс орны құрылды, оның 6 741-і тұрақты. Қалған жұмыс орындары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің есебінен қосылды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 5 мыңы жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ, былтыр «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы басталған. Биыл оған жергілікті бюджеттен 955,5 млн.теңге бөлініп, 646 тұрғын тұрақты жұмысқа кірді.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, биыл «Алғашқы жұмыс орны» жобасы және Жастар тәжірибесіне қатысу уақыты 12 айға, жалақы мөлшері 30 АЕК дейін ұлғайтылды.
Бұған қоса, 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтардың бизнес-идеяларын іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттардың көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен 400 АЕК дейін көбейтілді.
Маңғыстаудың қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту орталықтары Ресейдің "Татнефть" компаниясымен бірлесіп, 1-3 маусымда Ақтау және Жаңаөзен қалаларында кездесу ұйымдастырды. Сұхбатқа 531 адам қатысып, 190 адам бойынша оң шешім қабылданды. Оларды кезең-кезеңімен жұмысқа орналастыру үшін тиісті шаралар қабылданатын болады. Жалпы, компания 600-ден астам адамды жұмысқа алуды жоспарлап отыр.