Шетелде оқу, некеге тұру, бизнеспен айналысу немесе жұмысқа орналасу үшін құжаттарды заңдастыру талап етіледі.
Егер құжат қолданылатын ел Гаага конвенциясының қатысушысы болса «апостиль» мөртабаны қойылады. Ал құжат қолданылатын ел Гаага Конвенциясының қатысушысы болмаса онда құжат консулдық арқылы заңдастырылады.
Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдары берген құжаттарда арнайы мөртабан (апостиль) қойылады.
Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кiм екендiгiн және тиiстi жағдайларда бұл құжат бекiтiлген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландырады. Апостильге қойылған қол, мөр немесе мөртаңба ешқандай растауды немесе заңдастыруды талап етпейдi және бұл құжатты Гаага конвенцияға қосылған барлық мемлекеттерде пайдалануға болады.
Қазіргі таңда, әлемнің 135 елі Гаага конвенциясының қатысушылары болып табылады.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылуы туралы» Заңына сәйкес, еліміз аталған Конвенцияға қосылған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі № 545 қаулысына сәйкес Апостиль қою бойынша өкілеттікке ие ұйымдар ретінде мына мемлекеттік органдар белгіленген:
Маңғыстау облысында әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қоюды Маңғыстау облысының Әділет департаменті жүзеге асырады.
Әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою тәртібі қандай?
Әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын құжаттарға апостиль қою үшін өтініш ХҚКО немесе электрондық үкімет порталы (www.egov) арқылы беріледі.
Бірінші жағдайда өтініш беруші ХҚКО-ға екі рет баруы қажет, яғни өтінішті беру және өтініш нәтижесін алу үшін. Өтінішті ХҚКО арқылы берілген жағдайда апостиль қағаз құжатқа өтініш берген күнді және нәтижені алған күнді қоспағанда 2 жұмыс күні ішінде қойылады.
Екінші жағдайда, өтінішті тәулік бойы беруге болады. Өтінішке апостиль қойылатын құжаттың сканерленген көшірмесі қоса тіркеледі, ал апостиль электрондық түрде қойылады және өтініш берушінің жеке кабинетіне өтініш берілген күні келіп түседі.
Электрондық апостиль 2 қорғау кодымен (қауіпсіздік коды және өтінім коды) беріледі.
Электрондық апостиль мөртабанының астында электрондық порталдың электрондық мекенжайына сілтеме көрсетіледі (egov.kz) (https://egov.kz/cms/ru/services/apostil/aposti l).
Шет мемлекеттің уәкілетті органы электрондық үкімет порталында екі қорғау кодын (қауіпсіздік коды және өтінім) енгізу арқылы авторизациясыз электрондық апостиль мөртабаны бар ресми құжатты тексеруді жүзеге асырады.
Аталған апостиль қоюдың автоматтандырылған түрі азаматтарға мемлекеттік қызметті толық онлайн режимде алуға мүмкіндік береді.
Электрондық апостильдеудің басты артықшылығы апостильді қою және оның түпнұсқалығын анықтау уақытын қысқарту, апостиль қоюға қол жеткізуді жеңілдету, алаяқтықтардан қорғауды арттыру, құзыретті органдардың жүктемесін азайту, құжаттарды жоғалту қаупін азайту, халықтың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету және статистика жүргізуді жеңілдету болып табылады.
Осылайша, электрондық апостиль апостильді беру, жазу және тексеру үшін жылдам, қауіпсіз және қағазсыз процедураны енгізеді.
Қазіргі таңда электронды апостиль 47 елмен қабылданады, оның ішінде біздің азаматтарымыз үшін танымал Түркия, Оңтүстік Корея, Англия және т. б. елдер бар.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес апостиль қою үшін әр құжатқа 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу көзделген. Яғни, 2022 жылға мемлекеттік баж сомасы 1531,5 теңгені құрайды.
Маңғыстау облысының әділет
департаменті басшысының орынбасары
А.Тиленбаев