Форт-Шевченко қаласында ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайысқа облыс бойынша 5 команда, 500-ден астам спортшы қатысуда. Олар асық ату, тоғызқұмалақ, қолкүрес, гір тас, волейбол, футбол, үстел теннисі, дзюдо, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим сынды 11 спорт түрінен сынға түседі. Жарыс 24-26 маусым аралығында өтеді.
- Ауданымыздың спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп ауданымыздың атын асқақтатып, көк туымызды желбіретіп жүр. Спорттың қай саласы болмасын спортты дамыту арқылы салауатты ұрпақ тәрбиелеу басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Баршаңызды спортты серік етуге шақыра отырып, болашағымыздың бүгіннен басталатынын және болашақтың тізгінін ұстар өскелең ұрпақ сау да салауатты болып тәрбиеленуін ұмытпағанымыз жөн. Спортты серік еткен күнде ғана ертеңіміз жарқын, болашағымыз айқын болары сөзсіз. Ендеше бүгінгі Маңғыстау облыстық ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарына қош келдіңіздер! Егемен еліміздің еңсесін биіктетіп, жеңісті күндерде жолығайық ағайын, барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев.
Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев спорттық сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Түпқараған ауданында 5 спорт кешені, 14 ашық спорт алаңы, 5 футбол алаңы, 5 көше тренажерлары бар. Спорттық кешендер құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.