Бүгін қазақ елінің батырлары Ер Қармыс пен Балуанияз батырға, көзі тірісінде әулие атанған Тұрыш Ишанға арналған «Үш алып» аллеясының лентасы қиылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Білім-инновациялық лицейінің жанынан салынған аллеяға Балықша ата ұрпақтары мұрындық болған. Ер Қармыс, Балуанияз батыр, Тұрыш Ишанға биіктігі 11 метр болатын стелла қойылды. Стелла артына «Үш алыптың» аты жазылған тақтайшалар жасалған.
- Аталарымыздың кесенесі облыс, аудан орталығынан алыс орналасқандықтан жастардың ұсынысымен, ақсақалдар алқасының қолдауымен «Үш алып» аллеясын саламыз деп шештік. Әкімдік те бұл бастаманы қолдап, жер телімін берді. Атамызға арналған «Үш алып» аллеясы жастарымызды патриоттық сезімге, ұлжандылыққа, имандылыққа, батырлыққа тәрбиелеуде алатын орны зор болатынына сенімдімін. Аллея салып, қаламызды көркейтуге үлес қосқанымызға қуаныштымыз, - дейді «Балықшы ата» ҚҚ төрағасы Матай Төлеміс.
Аллеяның лентасын Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен «Балықы ата» қоғамдық қорының төрағасы Матай Төлеміс қиды. Қызыл лента қию рәсіменен кейін облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов ата-баба рухына Құран бағыштады.
Ал стелла авторы, сәулетші Олжас Демесіннің сөзінше, стелланың төбесіндегі қалқан мен найза – батырлықтың, ай – имандылықтың белгісі. Ал, стелланың іргетасы қызыл-жасыл түсті болуының себебі – қызыл-жасыл дүниеден биік тұрған ата-баба рухының белгісі.
- Бұл жұмысты жасап бітіруге 7-8 айдың шамасында уақыт жұмсадық. Стелланы Иран мраморы мен гранит тастарынан жасадық. Бұл тастар ақ тасқа қарағанда ауыр, салмақты болады, - дейді сәулетші Олжас Демесін.
«Үш алып» аллеясын салуды ұйымдастырған Балықшы ата ұрпақтары демеушілік білдірген азаматтарға алғыс хаттарын табыстап, жыр-терме орындады. Аллеяның ашылу салтанатынан соң ұйымдастыру алқасы қонақтарға ас берді.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын