Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеген сарбазды бүгін туған жері Сарыағаш қаласында жер қойнына тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бауырынан айырылған Нұржаусын Тешебаевтың айтуынша, Еділ Тешебай әскерге барғаннан өмірінің соңына дейін ақша сұраған. Сондықтан, «інімнің өзіне қол жұмсауына сенбейміз, әрі хатты да өзі жазбаған» дейді ол. Ал жеңгесі хатты сарбаздың өзі жазбағанына кәміл сенімді. Себебі, қайным маған жеңге емес, жеңеше деуші еді деп еске алып отыр.
- Достарының бәріне «менде бәрі жақсы, уайымдамаңдар» деп айтып отырған ғой. Ешнәрсе білдірмеген. Бірақ, әр сөзінде тұтқаны қояр кезде «мен көрген қорлықты көрмеңдер, бастарың істесе армияға келмеңдер» деп айтып отырған ғой бәріне. Кеше зертханада «хаттағы жазу әйелдің жазуы, ұқсатып жазуға тырысқан» деді. Еділ хатты олай жазбайтын еді. Бәрі көрініп тұр ғой, - дейді жеңгесі Перизат Дүйсебай.
Қазір сарбаздың денесінен және жазған хатынан алынған сараптама зерттеліп жатыр екен. Ал ағаларының сөзінше, Еділ Тешебай шымыр, өмірге құштар жігіт болған. Олар мәйітті ашу кезінде асқазанында түк жоқ екенін көргенін айтып отыр. Сол себепті, жігіттің асылып өлгеніне сенбейміз дейді.
- Осы мәселені бізге шешіп берсін. Біздің баламыз неге әскерге сау кетеді де, аштан қайтыс болады? Біздің әскер, шекара қызметі бір сарбазды тойдыра алмаса, қорғай алмаса менің басқа сөзім жоқ, - дейді туысы Бауыржан Манжанов.
Ел Президенті Қ. Тоқаев сарбаздың өліміне қатысты Қауіпсіздік кеңесінің хатшысына тексеру жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жарғыға жатпайтын қарым-қатынастарды жою жөнінде арнайы комиссия құруды міндеттеді. Ал Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты әскери бөлімдегі бұл оқиғаға ведомства толық ешнәрсе айтпады. Тек сарбаздың отбасылық мәселелерге байланысты өз-өзіне қол жұмсады деген ақпарат таратты.
«4 маусымда ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінде мерзімді қызметтің әскери қызметшісі «Т.» өз-өзіне қол жұмсады. Алдын ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Отбасылық-тұрмыстық проблемалар болған. Құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізуде. Шекара қызметінің басшылығы мен жеке құрамы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Марқұмның отбасына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауда», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарламасында.
Ал Еділ Тешебайдың туыстары сарбаз отбасылық мәселе үшін өзіне қол салды дегенге мүлде сенбейді. Айтуларынша, сарбаздың мойнында белбеудің ізі болған. Сондықтан, әділ тергеуді талап етеді.
Махаббат Нұржанқызы