Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде "Caspian Startup – 2022" халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба түсті. Олардың барлығы рентабельді стартаптарды құруға және ілгерілетуге, стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға бағытталған. Финалдық турға қатысушылар "Болашақтың мектебі", "Әлеуметтік мәселелерді шешу", "Туризм" аталымдары бойынша IT-стартаптарын ұсынды.
- Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымын және әлемге деген жауапкершілігін көрсетеді, сондықтан "Caspian Startup – 2022" жобасын біз әлеуметтік тақырыпқа арнадық, - дейді мектеп басшысы Әсел Бейсембинова.
Ақтөбе зияткерлік мектебінің оқушысы Арман Жалғасбаев «Dioth.tech» жобасымен «Caspian Startup – 2022» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, республикалық ғылыми жобалар байқауының, физика пәнінен желілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Арман, биылғы оқу жылының ең үздік оқушысы болып танылды. Екінші орынды – «Komek App» жобасының авторлары Көкшетаулық Асанәлі мен Диасалы Кәрім, Жарасар Дәулет пен Дильназ Таспулаевалардың командасы алды. Қола жүлдені зағип жандарға арналған «Blind-Klavish» жобасымен Ақтаулық Рахат Абатов пен Мырзаәлі Асанов иеленді.