Ел дамуының еңселі белесі болған референдумға Ұлы Отан соғысының ардагері Бисен Боқаев қатысып, дауыс берді.
Ғасыр жасаған ардагер Қазақстанның кемел келешегі, өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін бүгінгі референдумда өз таңдауын жасады. Ақтау қаласындағы №21 мектепте орналасқан №64 учаске комиссиясының мүшелері Бисен Боқаевтың үйіне келді, ардагер қол қойып, дауыс берген қағазын дауыс беру жәшігіне салды.
– Еліміз үлкен өзгерістер қарсаңында тұр. Өткен Қаңтар оқиғасында бұзақылардың ойлағаны арамдық екені белгілі ғой. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіпке салып, дұрыс бағытқа бастап жатыр. Жағдай жақсарып келеді. Мемлекет басшысының бастамалары өте жақсы, көңілімізден шығады. Қазақстанда тыныштық болсын. Еліміздің асты-үсті қазынаға толы. Осы байлық халықтың игілігіне жұмсалса дейміз.
Конституциямыздағы кем-кетіктерді түгендеу үшін өткізіліп жатқан референдумның ел тарихында маңызы жоғары деп білемін. Бәріңізге амандық-саулық тілеймін, - деп ақжарма тілегін айтты ақсақал.
Бисен Боқаев 1942-1944 жылдар аралығында шекара әскерінде қызмет атқарған. 1944 жылдың сәуір айынан бастап 2-ші Украин майданында болып, Яссы–Кишинев операциясына және Бессарабия мен Румынияны азат ету ұрысына қатысқан. Соғыстан кейін шекара әскерлерінде қызмет еткен. «Қызыл Ту», «II дәрежелі Отан соғысы», «Жауынгерлік еңбегі үшін» ордендерінің иегері.