Жаңаөзендегі жалғыз кинотеатр жабылуы мүмкін. Өйткені, кинотеатр иесі мен ғимаратты жалға беруші арасында дау туып, мәселе алысқа өрбіген. Қалың көрерменге фильмдерді ұсынып келген кәсіпкер пандемия салдарынан әбден шығынға батып, ақыры сотқа дейін жеткенін айтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпкер Данияр Айса пандемия кезіндегі шығын кәсібіне қауіп төндіргенін айтады. Қиындықтың бәрі кинотеатрлар ұзақ үзілістен кейін жұмысын жалғастырғанда басталған. Кинозалдарды жалға беруші ғимарат қожайыны шығындарды ескеріп, жалға беру ақысына айтарлықтай жеңілдік жасамағанын айтады. Сөзінше, карантин шаралары жеңілдетілген соң да кинотеатр жұмысын жалғастырмаған. Арадағы даудың кесірінен өз кинотеатрыма кіре алмадым деп отыр. Екі кәсіпкер арасындағы мәселе сотқа жетіпті.
- Бұл форс мажор жағдай екенін дәлелдесем де бірінші және екінші сот инстанциясы шешімді жалға берушінің пайдасына шешті. Өйткені, жалға берушінің адвокаты бұрынғы судья. Сот жалға берушіге бірнеше миллион теңге төлейтінім жөнінде шешім шығарды. Ол соманы төлейтін мүмкіндігім жоқ. Сол себепті менің бүкіл шотымды жауып тастады. Осы даудың кесірінен үкіметтің берген 9 пайыздық субсидиясынан да айырылып қалайын деп отырмын. Енді кинотеатрларымды жабудан басқа амал қалмады, - дейді кәсіпкер Данияр Айса.
Жаңаөзендегі кинотеатр 2015 жылы жұмысын бастаған. Даниярдың сөзінше, оның кинотеатрларында билет бағасы Маңғыстауда арзан. Ал өңірдегі кәсіпкерлер палатасында мұндай жағдайда мәселеге араласа алмайтынын айтады. Өйткені, екі кәсіпкер де кәсіпкерлер палатасының мүшесі, сондықтан ешкімнің мүддесін қорғай алмаймыз дегенді алға тартады.
- Кәсіпкерлер палатасының заңнамасы бойынша мұндай жағдайда екі субъект арасында дөңгелек үстел және сотқа дейінгі реттеу ұйымдастырады. Біз тек қана сотқа дейінгі шараларды ұйымдастырамыз. Егер бір тарап екінші тараппен келіспеген жағдайда сотқа жүгінеді. Кәсіпкерлер паласы пандемия кезінде осындай ірі ұйымдармен көп жұмыс істеді, - дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің басшысы Асылбек Жарылғасов.
Кәсіпкерлер палатасында пандемия салдарынан көптеген кәсіпке айыппұл санкциясы қолданылғанын айтты. Ал Данияр Айса карантин шаралары кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге қажетті деңгейде қолдау жоқ екеніне наразы.
Махаббат Нұржанқызы