Ақтауда өтіп жатқан симпозиумда керамистер биіктігі 2 метр мүсін жасады. Мүсінді 4 маусым күні көрермен алдында жағып, от шоуын жасайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаулықтар үшін мүсіншілердің бір апта бойы жасаған туындысын көру мүмкіндігі туады. Үш өңірдің керамистері дайындаған мүсін 4 маусым күні «I love Aktau» инсталляциясының жанында жағылады.
- Біз мүсінді бірнеше бөлікке бөліп жасадық. Қазір дайын бөліктерін кептіріп, жағуға дайындап жатырмыз. Бұл туындыны отқа төтеп бере алатын шамот балшығынан әзірледік. Жалпы, Ақтауға алғаш рет келіп тұрмын, қала өте әдемі. Мұнда ашық аспан, жел, теңіз исі бәрі бар екен. Ал симпощиумға келер болсақ, Ақтауда бірінші рет өтіп жатыр. Әрине, бұл соңғысы болмайтын шығар деп ойлаймын. Мүсіншілердің шығармашылығына жергілікті әкімдік те көңіл аударады деген ойдамын. Мүсін жасау - ешқашан қайталанбайтын өте әдемі өнердің бірі. Ақтаудағы теңіз мүсінді жағатын от шоуына өзіндік бір рең береді деп ойлаймын, - дейді алматылық керамист Анна Миросенко.
Ақтауда алғаш рет өтіп жатқан симпозиумды жергілікті мүсінші Асхат Нұрмұханов ұйымдастырған. Оның бұл идеясын қолдаған екі әріптесі Ақтау қаласына жақсы естелік қалдыру үшін импровизациялық туынды әзірлеуді құп көрген. Мамандар ешқандай жоспарсыз жасалған мүсіннің ерекше болатынын айтады.
- Алғашқы екі күнде мүсіндеумен айналыстық, одан кейінгі екі күнде дайын мүсінді кептірдік. Ал 4 маусымда жұмысымыздың қорытындысын ақтаулықтармен бірге көреміз. Теңіз жағалауында мүсінді отқа қойып, өзіндік бір шоу ұйымдастырмақпыз. Мүсін ыстық болған кезде, үгінділерді мүсінге лақтыру керек. Мұны әсіресе, балалар ұнатады. Біздің шарамызға келетін болсаңыз балаларды міндетті түрде алып келіңіз, - дейді шымкенттік керамист Артём Гориславец.
Махаббат Нұржанқызы