Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Маңғыстау облысы ІІД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Ақбота» саябағында мерекелік іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға саябақта қыдырып жүрген балалар қатысты. Бірі ән айтса, енді бірі би биледі. Сонымен қатар балалар саябақ ішіндегі асфальтқа сурет салды.
«Шараның мақсаты – балаларға есірткісіз өмірді көрсету, жарқын болашаққа қадам жасау, зиянды заттарды қолданудан аулақ болу және есірткіні қолданудың салдары қандай болатынын айту», - деді полиция департаментінің мамандары.
Тәртіп сақшылары балаларға тәттілер таратып, шараға белсенді қатысқандары үшін алғыстарын білдірді. Өз кезегінде балалардың аналары жақсы көңіл-күй мен ілтипат үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.