Маңғыстау облысында 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған “Zhas Project” жобасы басталмақ. Іріктеуден өткендер 1 млн тг грантқа ие болып, 6 ай бойы жұмысын жүзеге асыра алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, жоба мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, оларды пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайту.
- Қазіргі таңда осы шараны басынан аяқ өткізетін ҮЕҰ-ды таңдап жатырмыз. Конкурс жарияланды. Содан кейін жастардан құжат қабылдау кезеңі басталады. Әр жас гранттық конкурсқа қатысу үшін идеяларын әлеуметтік жоба ретінде ұсынады. Екі бағыт бойынша өтеді. Бірінші бағытта басымдық - жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын, жұмыс істегенімен табысы төмен жастарға беріледі. Ал, екінші бөлімде - жұмысы болса да, басқа жұмыссыз жастарға көмектесу мақсатында жоба жасай алады, - деді Жасұлан Бисембиев.
Спикердің айтуынша, гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындауына болады. Жеңімпаздар 1 миллион теңгеге керекті құрал-жабдықтар сатып алады да, өз жобасы бойынша халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетеді. Алты айдан кейін қатысушылар құрал-жабдықтарды өз иелігіне алып, кәсібін жалғастыра береді.