ҚР Әскери-теңіз базасының қолбасшылығы бес жастағы егіз Әшірбаевтарды ӘТК тарихи мұражайына шақырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Теңізшілер болашақ әріптестерімен кездесуді балаларды қорғау күніне арнайы ұйымдастырған.
- Жанарыс пен Бекарыс Әшірбаевтар теңіз жаяу әскерінде қызмет еткісі келеді. Мерекеге орай олар ата-анасынан көлік немесе велосипед емес, теңіз формасын сұрады. Балалар ойыншық кемелермен ойнап, теңіз туралы мультфильмдер көреді. Олардың әкесі подполковник Серік Әлиев әріптестерімен балаларының ерекше өтінішімен бөліскен. Ал әріптестері өз кезегінде, балалардың осы қызметке құштарлығын көріп, тарихи әскери-теңіз мұражайына баруға шақырды, - дейді Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол Шалабаев.
Бес жастағы егіздердің әскери теңізші болу арманы туралы ҚР Әскери-теңіз базасының қолбасшылығы олардың әкесінен білген. Егіздердің әкесі де 25 жылдық жұмыс өтілі бар әскери қызметші.
Балалар мұражайға әскери формада барған. Арнайы киімді балаларға анасы тігіп берген. Олар мұражайдың, әскери-теңіз күштерінің тарихы туралы ақпарат алған.
– Егер балалар мектепте жақсы оқитын болса, онда біз олар үшін ең басты тосын сый - нағыз әскери кемеге апаруға дайынбыз, – дейді әскери бөлім командирі, бірінші дәрежелі капитан Данияр Хайрушев.