Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев отбасы үлгісіндегі облыстық балалар ауылына барды және облыстың дарынды балаларымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен аймақ басшысы «Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы» ММ-де тәрбиеленіп жатқан балалармен кездесіп, оларды бүгінгі мерекелерімен құттықтады.
Онда 28 тәрбиеленуші бар, оның 4-еуі балабақшаға барады, 21-і орта мектепте, 3-еуі колледж студенті. Балалармен тәрбие жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі, оқушылар шығармашылық және спорттық үйірмелерге барады. Балалардың арасында республикалық деңгейдегі спорттық олимпиадалардың жүлдегерлері де бар.
«Жеңістен жетістікке” атты жиынға республикалық, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары қатысты.
Биылғы оқу жылында 1332 оқушы облыстық деңгейдегі олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен байқаулардың жеңімпазы атанды.
20 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарынан, 140 оқушы республикалық деңгейде, 44 оқушы республикалық пәндік олимпиадаларында жеңіспен оралды.
- Құрметті оқушылар, сіздердің жетістіктеріңізге біз қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі – салауатты, саналы, білімді, парасатты, ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу» деп атап өтті. Осыған байланысты Президентіміздің бастамасымен аталып жатқан “Балалар жылында” баланы қорғау, әлеуметтік қолдау бағытында өңірімізде игі іс-шаралар жүйелі өткізілуде. Сіздер, тәуелсіз еліміздің тарихының жаңа беттерін жазатын жас ұрпақсыздар! Болашақтарыңыз жарқын болсын!,-деді Нұрлан Ноғаев.
Шара соңында республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқауларының, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы дипломдарымен, медальдарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Одан кейін мектеп командаларына «Үздік ауыл мектебі – 2022», «Үздік олимпиадалық мектеп – 2022», «Үздік олимпиадалық команда – 2022» номинациялары табысталды.
Айта кетсек, Маңғыстау облысында 18 жасқа дейінгі 314 214 бала бар, ол аймақ бойынша тұрғындардың 42,4% құрайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес өңірде 40 931 бала балабалалақшаға, 167 385 бала мектепке барады. Оның ішінде 57 мыңнан астамы мектептен тыс ұйымдарға, 31 мыңнан астамы спорттық секцияларға, 37 мыңнан астамы шығармашылық үйірмелерге қатысады.