Әлемді велосипедпен саяхаттап жүрген француздық саяхатшы жұп Эмили мен Дэви Санчис Ақтауға келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Саяхатшы жұп Франциядан былтыр 13 маусым күні сапарға шыққан. Ал биыл 29 сәуірде Грузиядан Әзірбайжанға, 7 мамырда Бакуге, 25 мамырда Ақтауға келді.
Дэйви мен Эмили Санчис - Bike Up&Down жобасының жетекшілері. Велотурдың мақсаты – Даун синдромы бар балаларға қолдау көрсету. Аталған жоба француздық Trisomie 21 France федерациясының және оның халықаралық серіктесі Даун синдромы халықаралық ұйымының қолдауымен басталған.
Эмили мен Дэви Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде, сондай-ақ Yessenov университетінде болды. Олар екі білім ордасында өз жобасын таныстырды. Саяхатшылар тек Даун синдромын ғана емес, есту қабілетінің бұзылуы мен тірек-қимыл аппараты мәселелерін де қозғады.
Себебі француздық саяхатшылармен бірге «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрбек Еңсебаев та бар. Нұрбектің өзі "Sezual" жобасының авторы. Аталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың музыкалық сауаттылығын өз бетінше меңгеруге, инклюзивті технологияларды құруға мүмкіндік береді.
Эмилидің айтуынша, велосипедпен саяхаттау арқылы адамдармен араласып, танысуға көп мүмкіндік болады.
"Жолда келе жатқанда үнемі бізді тоқтатып, қонаққа шақырып, шәй, тағам ұсынатын адамдарды жиі байқадық. Сондықтан да біз адамдарды жақсы түсініп, сезіну үшін жақын болғымыз келеді».
Осылайша қос саяхатшы Эмили мен Дэви Францияның Блуа қаласынан Нумеаға велошеру арқылы Даун синдромы және басқа да психикалық бұзылулары бар адамдарды спортқа қосуды қалайды.
"Біз барған Франция, Германия, Австрия, Словакия, Венгрия, Румыния, Молдова, Украина, Түркия, Грузия, Әзірбайжан елінде спорттық іс-шаралар мен пикник өткізді. Шараға зияткерлік қабілеті бұзылған адамдар қатысты. Сондай-ақ серіктестермен бірге Даун синдромы бар немесе басқа да психикалық дамуы тежелген адамдар тұратын арнайы мекемелер мен үйлерді, инклюзивті мейрамханалар, қонақ үйлерді, әлеуметтік фермаларды аралап, мектептерде жобаны таныстырдық", - дейді саяхатшылар.
Эмили мен Дэви Қазақстаннан кейін Өзбекстанға және Орталық Азияның басқа да елдеріне баруды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА