Жаңаөзендік 10 жастағы Әйгерім Жанатқызы бір минутта 1 500 сөз оқиды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әйгерім Жанатқызы - Жаңаөзен қаласындағы дарын лицейінің оқушысы. Биыл 4-сыныпты үздік бітірді.
Анасы Перизаттың айтуынша, қызы кітап оқуды алты жастан бастаған. Үйде тұрған кітаптың бәрін оқитын. Кітап оқуға деген қызығушылығын байқап, жылдам оқу техникасын үйреткен. Сондай-ақ анасы кітап оқу баланың ойлау қабілеті мен іс-әрекетіне тікелей әсер ететінін тілге тиек етті.
Кез келген жерде кітапты қолдан тастамайтын Әйгерім он сегізінші кітабын аяқтап отыр.
– Қызым телефонға қызықпайды. Жастайынан кітаппен дос болды. Баланың ынтасын байқап, Кәусария Са-ғадатқызының сабақтарын сатып алдық. Содан кейін Әйгерімнің кітапқа деген қызығушылығы артты. Оны көрген өзге балалардың да кітап оқуға қызығушылығы оянды. Бес жасар ұлым Раян кітап оқи алмаса да, жылдам есеп шығаруды үйреніп алды. Қазір Раян көбейту кестесін жатқа біледі. Әрі қарай өзін дамытып жүр, – дейді Перизат Әкімжанқызы.
Анасы балалардың жылдам оқуына әкесінің де ықпалы барын айтады. Әйгерімнің әкесі Жанат балалардың зейінін ашу жолында барын салып жүр.
«Әйгерімді бірінші сыныптан бастап оқыттым. 2- сыныпқа келген кезде осы ерекшелігін байқадым. Ата-анасы да бала тәрбиесіне мән беретін, баланың ерекшелігін ашуға жұмыстанатын жандар. Барлық пәнге қызығушылығы жоғары, мұқият тыңдайды. Тек сабақ қана емес, адамгершілігі мол, әсіресе достықты қадірлейтін, құрмет тұтатын оқушым. Өзін ұстауы, достарының арасындағы қарым-қатынасы салмақты, болашағынан үлкен үміт күтетін шәкіртім»,- дейді мұғалімі Айгерім Ізтілеуова.
Әйгерімнің алғаш оқыған шығармасы - ертегілер. Қазіргі таңда тарихи шыүармаларды оқуға талпынып жүр.
- Менің жылдам оқитынымды білетін достарым да, үлкендер де бір кітапты әкеліп, «қанекей, оқышы» деп сұрап жатады. Оқып шыққан соң мазмұнын айтып берсем, таңқалады. Мен өскенде оқушының зейінін ашатын тіл маманы болғым келеді,- дейді Әйгерім Жанатқызы.