Дін өкілі тергеу изоляторына барып, тұтқындармен сұқбат құрды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ГМ-172/10 мекемесінде күнә мен ізгілік жайында әңгіме өрбіді. Шіркеу қызметкері Сергей Поник Киелі кітаптағы оқиғаларды баяндап, рухани тазарудың маңыздылығын айтты. Сотталғандар христиан дінінің пайда болуы, дұғалардың мәні және христиандық мерекелердің тарихы туралы сұрақтар қойды.
– Түрмеде адамдар құдайшылыққа жиі келеді дейді және шынымен де солай. Өйткені құдайдың қасында сіз түрмеде де еркіндік таба аласыз. Сіз дұға етесіз, бұл сөздер сізге қуат беріп, кейбір нәрселерді түсінуге және ішкі күш-қуатты қалпына келтіруге көмектеседі, - дейді сотталған Александр Юндт.
Бұл адам бір жылдан бері түрмеде отыр. Бостандыққа дейін әлі біршама уақыт бар. Қалған өмірін мағыналы дін жолына арнаған.
– Оқшауланған адамның жаны неге мен қылмыскер болып шығып, қоғамның наласына ұшырадым деген сұраққа нақты жауап беруді талап етеді. Сондықтан тұтқын иманға келеді. Дін қызметкерлерімен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тұтқындардың сұрақтары көбейген сайын, сұқбаттар да жиірек болады. Бұл тұтқынның жан дүниесі үшін өте маңызды. Діни басқарманың өкілі орынды сөз тауып, өмірдің қиын сәтінен қалай сүрінбей өту керектігін айтып, болашаққа қолдау, бағдар көрсетеді, – дейді мекеменің теологы Виталий Каплунов.
ГМ-172/10 мекемесі қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рухани әңгімелердің тәрбие, тәртіп, адам өмірі үшін маңызы зор.