Маңғыстау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс әкімдігімен бірлесе отырып, "Есірткісіз жарқын болашақ" тақырыбында ауқымды акция ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров, Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Б.Ақшауов, Маңғыстау облысының білім, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және белсенді жастар қатысты.
Аталған шараны облыс әкімінің орынбасары ашып, жиынның негізгі мақсатын айтып өтті. Сонымен қатар, полиция полковнигі Болатбек Ақшауов та өз сөзінде өскелең жас ұрпақты салауатты өмір салтын берік ұстануға шақырды.
Одан әрі науқанға қатысушылар бейбітшілік символы көгершін ұшырып, «Біз есірткіге қарсымыз!» атты ұранмен флешмоб ұйымдастырды.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері жастарға есірткі заттарын пайдаланудың зияны және есірткіге байланысты қылмыстардың салдары туралы атап өтті. Мұндай негіздегі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Облыс орталығында өткен іс-шараның негізгі мақсаты - халықаралық есірткіге қарсы акция өткізу, жас ұрпақты есірткі мен психотроптық заттарды қолданудың зияны туралы хабардар ету, салауатты өмір салтын насихаттау және рухани-адамгершілік құндылықтарды жаңғырту.