Ақтауда өңірдегі өрт сөндіру ісін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан құрметті ардагер Хайрушев Қажымұрат Сейлханұлының «Ел үшін өмір сүре білу де өнер» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ардагердің кездесу кешіне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров, қала тұрғындары, үзеңгілес жолдастары мен бірге қызмет еткен әріптестері жиналды.
Кеште Қажымұрат Сейлханұлы топан су жайылса төтеп беретін, тілсіз жау бой бермей бара жатса аптығын ауыздықтайтын төтенше жағдайлар саласындағы қызықты да қиын сәттеріндегі естеліктерімен бөлісті.
Біз көп жағдайда қаһарманды тарих қойнауынан, кітап беттерінен, әдеби шығармалардан ғана іздеп жүреміз. Бүгінгі күннің көп қадірін ұғына бермейтін біз үшін, Қажымұрат ағамыз қазіргі өскелең ұрпаққа үлгі. Ерліктер тек қан майданда сыналмайды, өзі батыр адам, елін сүйген жүрек қандай уақытта да, қандай дәуірде де елі үшін, жері үшін, туған топырағының тыныштығы үшін жанын шүперекке түйіп, барын салып, еңбек етуге әзір тұрады. Мұндай елдің ішінде жүрген ерлерді үлгі тұту – ең алдымен қоғамдағы оң көзқарастардың қалыптасуының бір көрсеткішіне айналуы тиіс. Қажымұрат Сейлханұлының бейбіт замандағы табиғи апатқа сес, іштегі елге демеу болып төтенше жағдайлар саласында ұзақ жылдар бойғы табысты еңбегі үшін алғыс білдіре отырып, деніне саулық, шаңырағына шаттық тілейміз,- деді облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров.
Кеш соңында әуезді ән шырқалып, қонақтар кеш иесімен естелік суретке түсті.
Айта кетейік, Қажымұрат Сейлханұлы азаматтық қорғаныстың алдыңғы шебінде бірнеше жыл бойы еңбек етіп, еселі үлес қосқан бейбіт күннің батыры.