Ақтауда орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 25744 әскери бөліміне Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан әскерге шақырылған жас сарбаздардың алғашқы легі келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бөлімшенің жеке құрамы жас сарбаздарды әскери оркестрдің әуенімен қарсы алды. Казармаға орналастырылғаннан кейін олар бригаданың негізгі нысандарымен таныстырылды. Ақтау гарнизоны әскери полиция басқармасының өкілі әділет аға лейтенанты Руслан Ильясов жеке құраммен әскери қызмет өткеру тәртібі мен ережелерін реттейтін заңнамалар бойынша әңгіме өткізді.
– Біз еліміздің оңтүстік өңірінен батысқа келдік. Командада елу адам бар және теңіз жаяу әскері бригадасына қызмет етуге келгенімізді мақтан тұтамыз. Абыроймен қызмет етеміз, өйткені бұл біздің конституциялық борышымыз, – деді әскерге шақырылған Абылай Арман.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде теңіз жаяу әскерлерінің бригадасына Қазақстанның әр өңірінен барлығы 500-ге жуық шақырылушы келеді. Олардың барлығы бір ай ішінде «жас сарбаздар курсынан» өтеді, бригаданың офицерлері мен сержанттары әскери қызметтің қыр-сырын үйретеді, содан кейін Отанға адал болуға әскери ант береді.