Ақтауда 1 мамыр күні байкерлер мен велосипедшілердің қатысуымен мототрек және мотокросс ашылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осы ретте "Маңғыстау облысының авто-мото спорт федерациясы" ҚБ ұйымдастыруымен мотокроссмендердің, мотоциклдердің, велосипедшілердің, жүгірушілердің жарысы өтеді. Жарысқа 50-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
"Маңғыстау облысының авто-мото спорт федерациясы" ҚБ президенті Павел Бурлуцкийдің айтуынша, мототрек "ҚазАзот" АҚ ғимаратына қарама-қарсы орналасқан. Арнайы трамплиндермен және ұзындығы 1,5 шақырым болатын тік бұрылыстармен жабдықталған.
«Мототрек жолы алғаш рет Маңғыстау өңірінде ашылып жатыр. Мототрек жолын ашу Маңғыстау облысында болашақта ҚР чемпионатын өткізуге мүмкіндік береді. Жарыста өнер көрсететін және мотокросстан республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүргендердің қатарында Филинов Евгений, Фаменко Алексей, Юзбеков Селимхан, Кудрин Евгений және Темникова Александра бар», - деді "Маңғыстау облысының авто-мото спорт федерациясы" ҚБ президенті Павел Бурлуцкий.