Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы 5 шағынауданның тұрғыны жарықтың нашар екеніне шағымданды.
– Бесінші шағынаудан қараңғы, 5 және 7 шағынауданның бойымен өтетін тротуар жолында да осындай жағдай. Жарық қашан болатынын білгіміз келеді, – дейді 5 шағынауданның тұрғыны.
Өз кезегінде қала әкімі МЖӘ аясында жоспарланған көшелерді жарықтандыру жобасына тоқталды.
– Біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жұмыс істейтін компанияны іздеуге конкурс жарияладық. Маусым айында Ақтауды жарықтандыру жұмыстары басталады. Техникалық спецификацияда қаланың орталық бөлігін ғана емес, Мұнайлы ауданымен шекаралас «Шығыс» шағынаудандарын түгелдей жарықтандыруды қарастырдық.
Жоба бойынша 34 шақырым электр желісін, 8 340 жарықдиодты шамды және 4 000 көше жарықтандыру бағанасы ауыстырылады. Бұл өз кезегінде электр энергиясын тұтынуды 2 есеге және жарықтандыру желілерін күтіп ұстауға, жөндеуге арналған бюджетті 2,6 есе үнемдеуге мүмкіндік береді, -деді Нұрдәулет Қилыбай.