Ақтауда суару құбырлары сәуірдің соңына дейін толық іске қосылады. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай есеп беру кездесуінде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда жаңадан отырғызылған көгалдарды суаруға 10 су тасушы көлік жалға алынған.
«Бұдан басқа, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шағынаудандардың периметрі бойынша жасыл желектерді суару үшін 5 жыл мерзімде қосымша 120 км суару құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Биыл жеңімпаз кәсіпкермен бірге 120 шақырымның 40 шақырым су құбырын іске қосамыз», - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, ол шағынаудан ішіндегі жасыл желектерді суаруға жаңадан GPS навигаторы қондырылған 8 арнайы су тасушы көлік алынғанын айтты.