Биыл Ақтау қаласын абаттандыруға 80 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазіргі таңда қаладағы нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда қаланы абаттандыру аясында теңіз жағалауындағы пальмалар толық қалпына келтірілді. Брусчаткалар, қоқыс жәшіктері, отырғыштар жөнделіп, боялды.
- Жұмыстар кестеге сәйкес және тұрғындар сұранысына сай жасалады. Мәселен, қала бойынша балалар және спорт алаңдарын қалпына келтіріп жатырмыз. Соның ішінде былтыр қала тұрғындарынан келген өтініштер де бар, - деді Ақтау қалалық ТҮКШ маманы Анвар Туляков.
Сондай-ақ бірнеше мәрте белгісіз тұрғындардың балясиналарды қирату фактілері тіркелген еді. Қазір балясиналар қалпына келтірілді.
Айта кетейік, абаттандыру жұмыстары келісімшартқа сәйкес жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі.