Басқұдық ауылының тұрғынының айтуынша, жабайы иттер балаларға ғана емес, аулада тұрған ұсақ малды да қауып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тіпті, жабайы иттер шарбақ ішінде тұрған қойларды да жайратып салған екен. Тұрғын аталған мәселені бейнежазбаға түсіріп, желіге жариялап, жергілікті билік өкілдерінен шара қолдануды сұраған.
Облыс әкімдігінің телеграм каналына жолданған шағымға Басқұдық ауылының әкімі Жамбыл Құрманов жауап берді. Оның айтуынша, №339 «Ветеринария туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Яғни, «қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюды жүргізу» функциясы «жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» болып өзгертілді. Ауыл әкімі тұрғындар тарапынан түсіп жатқан көптеген өтінішке сәйкес, арыз-шағымдар ветеринариялық станцияға жолданғанын айтып, ауылда жабайы иттерді аулау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Аталған мәселе, өңірдің өзге де аудандарында өзекті. Осыған дейін облыс әкімдігінің телеграм каналына Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов және Ақшұқыр ауылы мен Жетібай ауылында да жабайы иттерден зәбір көрген тұрғындар жанайқайын жазған. Бұдан бұрын тағы бір желі қолданушысы жабайы иттер Мұнайлы ауданындағы «Құйрық Ата» қауымында қабірлерді қазып жатқандығын айтып шағымданған болатын.