Ақтау қаласының тұрғыны Мәдина Төлеуова ұзақ жылдар бойы мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Информатика пәнінің мұғалімімін. 2011 жылдан бері мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Жұмысқа орналасу үшін барсам, барлығы қабылдамады. Бірақ ешқандай себебі айтылмайды. Балабақшада жұмыс істеуіме тура келді. Қала әкімінің қабылдауында облыстық білім басқармасының басшысы болды, ол маған жұмысқа орналасуды ұсынды. Қажетті тәжірибе жинақталған соң қыркүйек айында мені қала мектептерінің біріне жібереді. Жолдасым жұмыс істейді, бірақ айлығы жетпейді, төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Жеке үйіміз жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Ал енді бәрі ойдағыдай болады деген үміт бар. Отбасының табысына өз күшіммен үлес қосамын», – дейді Мәдина Төлеуова.
Еске салайық, бүгін таңғы тоғыздан бастап жұмыс күні аяқталғанға дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жеке қабылдауы өтті. Ашық диалог аясында тұрғындар әлеуметтік мәселелерді шешуге, жекелеген елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға көмек көрсетуді сұрады. Әрбір мәселе бойынша облыс басшысы жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар берді.