Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасында запасқа шығарылған мерзімді қызметтегі 600-ге жуық сарбаз үйіне оралды. Олар бөлімнің әскери ар-намыс, ерлік пен даңқ символы саналатын Жауынгерлік тумен қоштасты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бір жылдың ішінде сарбаздар дене бітімі шынығып, моральдық тұрғыда өсті, әскери мамандықтарды меңгерді. Олар «Отпантау-2021» оқу-жаттығуы кезінде жауынгерлік машығын жоғары деңгейде көрсетіп, «Мергендер батальоны» және «Үздік взвод» конкурстарында үздік шықты.
– Ел қорғаны болған сарбаздарымызды әрдайым мақтан етеміз. Сендер Отанын сүйген нағыз ер жігіт өтетін жолдан өттіңдер. Өздеріңнің жақсы қасиеттеріңді көрсетіп, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықта жақсы нәтижелерге қол жеткіздіңдер, – деді бригада командирі подполковник Жаннұр Сатқынов.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және үлгілі әскери тәртібі үшін бірқатар сарбаздар грамоталармен, әскери қызметі туралы фотоальбомдармен және естелік сыйлықтармен олардың ата-аналары алғыс хаттармен марапатталды.
Қарулы күштерде биыл көктемде мерзімді қызметтің 6000-ға жуық әскери қызметшісі запасқа шығарылған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, көптеген әскери қызметшілер борышын өткеру кезінде экономиканың нақты секторында талап етілетін жұмысшы мамандықтарды меңгерді.