Ақтау қаласының әкімдігі халықпен кері байланысты күшейту мақсатында «Қауырт желіні» іске қосты. Екі сағат ішінде барлығы 30-ға жуық тұрғын хабарласып, сұрағы мен өтінішін жеткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде қала тұрғындары тарапынан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне сұрақтар мен өтініштер көп түскен.
Олардың жартысына сол жерде мамандар жауап берсе, қалғандары басқа салаларға қатысты болғандықтан қосымша жауап беру үшін тиісті сала мамандарына жолданды. Сондай-ақ, қауырт желіге хабарласқандардың арасында тұрғын үй алу үшін кезекке тұру, шағынауданды абаттандыру, қоқыс алаңдарын жаңартуға қатысты сұрақтар да бар.
- Бүгін қауырт желіні экспериментальді түрде қостық. Өздеріңіз білесіздер халықтың өтініштерін қабылдау үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-чат каналы іске қосылған. Сонымен қатар, 109 сервисі де жұмыс істеп тұр. Дегенмен, әлеуметтік желіні қолдана алмайтын да адамдар бар. Олар үшін осы формат тиімді болмақ. Алдағы уақытта тұрғындар сұраныса қарай, қауырт желіні аптасына 2 рет қосуды жоспарлап отырмыз,- деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.