© фото google.com
Даулет ауылының көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Дәулет ауылының әкімі Нұрберді Беков облыс әкімінің телеграм каналына ауыл тұрғынының жолдаған сауалына жауап беру барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы Даулет ауылындағы 13 кварталдың жолдары нашар күйде екенін айтып, ауылішілік жолды тегістеп жөндеу жасауды сұраған.
Тұрғынның сауалына Дәулет ауылдық округінің әкімі Нұрберді Беков жауап беріп, аталған мәселенің шешілуі туралы хабардар етті.
Жауаптылардың айтуынша, Дәулет ауылындағы 13 кварталға жыл сайын абаттандыру есебінен құм төгіліп, тегістеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, биыл да абаттандыру есебінен қиыршық тас аралас құм төсеу жұмыстары жасалады. Жаңа Дәулет тұрғын үй алабына – 8 шақырым, Дәулет ауылына (Ескі Дәулет) – 7 шақырым асфальт жол салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін тиісті қаражат бөлуге ұсыныс берілген.
Қазіргі таңда, мердігер мекеме анықталып, келісім-шарт жасақталған. Алдағы уақытта Дәулет ауылының көшелерін арнайы көлікпен тегістеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Дәулет ауылындағы ауылішілік көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жасалатын жобалардың тізіміне енгізілді. Биыл тиісті қаржысы бөлініп, кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіледі, дейді ауыл әкімі.