Маңғыстау облыстық ауруханасының аритмолог-дәрігерлері жүректің созылмалы жетіспеушілігі диагнозымен келген 62 жастағы науқасқа ота жасады. Оған алғаш рет соңғы үлгідегі үшкамералы кардиовертера-дефибриллятор аппаратын қойды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқас облыстық ауруханаға 6 сәуір күні келген. Дәрігерлердің айтуынша, науқас шаршап, қатты ентігумен түскен. Тексерген кезде науқасқа аортокоронарлық шунттау жасалғаны, қанды айдау күші 16 пайызға төмендеп кеткені және ритмнің бұзылуы байқалған.
- Бүгін үшкамералы кардиовертера-дефибриллятор немесе СТРД аппараты қойылды. Бұл аппараттың негізгі қызметі – қанды айдау күшін көтереді. Жүректің тоқтау қаупі туған кезде жедел жәрдемнің келу уақытына қарамастан дефибриллятор қосылады. Яғни, жүрек қайта іске қосылады. Операция сәтті өтті. Енді науқас жансақтау бөліміне бармай, бірден палатаға шықты, - деді аритмолог-дәрігер Құрбанәли Сабдинов.
Аталған аппарат қорабының көлемі ыңғайлы. Екіншіден, созылмалы жүрек жетіспеушілігі кезінде жоғары нәтиже көрсетеді. Алдыңғы құрылғыларға қарағанда қуаты ұзаққа созылады.
- Соңғы уақытта мұндай оталар жиі жасалады. Себебі тұрғындар арасында жүрек жетіспеушілігі көп кездеседі. Отаның бір ерекшелігі – жергілікті жансыздандыру арқылы жасалуы. Мысалы, жүректің қан айдау күші төмен науқастарға көп операция жасауға болмайды. Себебі жүрек әлсіз. Жергілікті жансыздандыру арқылы жасалған ота жеңіл өтеді. Ауруханада көп жатпайды, - деді Алматы №7 көпсалалы ауруханасының аритмолог-дәрігері Қанат Ергешов.
Аритмолог-дәрігер Құрбанәли Сабдиновтың айтуынша, жүрек ырғағына байланысты айына кем дегенде 15 ота жасалады. Ал жыл соңына дейін «Rivacor-5» аппараты арқылы 18 ота жасау жоспарланып отыр. Барлық ота МӘМС аясында тегін жасалады.
Айта кетейік, операция облыстық аурухананың аритмолог-дәрігері Құрбанәли Сабдинов және Алматы қаласындағы №7 көпсалалы ауруханасының аритмолог-дәрігері Қанат Ергешовтың қатысуымен өтті. Сондай-ақ, отаға анестезиолог Аслан Теңел, мейіраға Жеңіс Мейірман, ангиолабораторияның координаторы Нәсіп Джауғаштиева және рентген лаборанты Жазира Сейтқожа қатысты.