Жаңаөзендік оқушылар Алматы қаласында өткен «Жұлдызды қол таңба» республикалық өнер байқауының үш бірдей гран-приін жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, байқауға 24 жас талант қатысқан. Олар бүлдіршін, кіші, орта және жасөспірім болып топ-топқа бөлініп сынға түскен.
Жас өнерпаздар «Мұнайшы» мәдениет үйі «Ақ сұңқар» көркемдік үйірмесінің жетекшісі Ләззат Асылханқызының жетекшілігімен өнер көрсетіп, байқаудың 4 бағыты бойынша 3 гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Нәтижесінде кіші топтан Назарбек Қайсар, орта топтан Амандық Шұғыла мен жасөспірімдер тобынан Сейдуллаев Абылай жүзден жүйрік шықты.
Біздің талантты бүлдіршіндеріміз бен жастарымыз өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін ағалары мен апаларының жырларын жаттап, мәнерлеп айтумен елжанды болып өсіп келе жатқандықтарын дәлелдеп келеді. Тұғыры биік елімізде, туған қаламызда білімді, өрісі кеңге жайылған осындай саналы ұрпақтарымыз көп болуын тілейміз. Әрбір баланың жұлдызы жарқырай берсін, - деді үйірме жетекшісі Ляззат Асылханқызы.
9-10 сәуір аралығында өткен байқауды Алматы қаласының республикалық өнер орталығы ұйымдастырды.