Бейнеу ауылындағы «Әділ» сүт зауыты шығаратын өнімінің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Өндіріс қарқынын арттыру үшін зауыт басшылығы несие ресімдеп, бірнеше адамды жұмысқа алған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әділ» сүт зауыты 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Зауыт сүт өнімдерін қайта өңдеу және өндіру жұмысымен айналысатын Бейнеу ауданындағы жалғыз кәсіпорын. Бүгінде зауыт қаймақ, айран, сүзбе, шалап сусыны сынды сүт өнімінің түр-түрін шығарады. Өндіріс қуаты тәулігіне 1,5 тонна. Барлық сүт өнімдері тиісті түрде стандартқа сай сертификатталған. Зауытта өндірілетін өнімдердің сапасы күнделікті зауыт зертханасының аппараттарында тексеруден өткізіледі. Кәсіпорын шығарған өнімдерін Бейнеу ауданындағы мектепке дейінгі мекемелерге, аудандық аурухана бөлімдеріне, ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасы әскери бөлімдерінің асханаларына және Атырау, Ақтау қалаларының сауда желілеріне жеткізеді.
Бейнеу ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шығарылған сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болғандықтан зауыт басшылығы тағы мамандар шақырып, қолданыстағы сүт өнімдерін өндіретін құрылғылардың өндіріс қуаттылығы мен өнім түрлерін ұлғайту мақсатында несие алған.
Қаржыландыру нәтижесінде жалпы ауданы 363,70 шаршы метр болған шаруашылық ғимараты(цех) 1000 шаршы метрге кеңейтілді. Қосымша тағы 50 жұмысшыға арналған асхана, кеңсе ғимараты мен қоймаларға жалпы ауданы 450 шаршы метрді құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сүт зауытының толық қуаты тәулігіне 15 тонна сүт өнімдерін өндіруге арналған құрылғылар мен жабдықтар орналастырылған.
Зауыттың жұмысшылар саны 19 адамнан 25 адамға көбейді. Осылайша кәсіпорын аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосып отыр. Аудандағы жергілікті шаруа қожалықтары өндіріп отырған сиыр, түйе шикізатын тапсыру және сату есебінен 5 тонна шикізат қабылдайтын және өңдейтін цехты салу және іске қосу жоспарда бар. Осыған байланысты қосымша жоба дайындалып, түйе сүтін БАӘ технологиясымен өндіретін құрылғылар сатып алынды. Қуаты тәулігіне 15 тонна сүт өнімдерін өндіруге арналған жобаны толықтай іске қосу 2022 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Алдағы уақытта зауыттан шығатын сүт өнімдері төрттен онға көбейіп, тұрақты жұмысшылар саны 25-тен екі есеге яғни 50 қызметкерге дейін өседі, - деді зауыттың директоры Еркежан Әлімбетов.